Елбасының әрбір жолдауы елдің дамуына ерекше серпін береді – Серғазы Әдекенов

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – Ел үшін мұндай қиын-қыстау уақытта ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы арқылы қазақстан халқына үндеу жасады. Елбасының әрбір жолдауы елдің дамуына ерекше серпін береді. Республиканың Тұңғыш Президенті кез келген қиыншылықтар адамды тығырықтан шығуды, өз ойлауын өзгертуді, өзінің жұмыс әдістерін жетілдіруді ынталандыратынын атап өтті. Өз пікірімен «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігімен «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ бас директоры, ҚР ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Әдекенов бөлісті.

«Елбасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен іске асырылып жатқан бағдарламаны жан-жақты қолдауға шақырды, – деп атап өтті профессор. – Қазақстанның Тұңғыш Президенті әрқашан халықтар достығы, этностар арасындағы келісім саясатын жүргізіп келді, дәл осындай амалдар біздің республикамызға әрдайым алға басып, дамуға көмектесті».

Қазақстан тарихында анағұрлым күрделі сынақтар болды, деп есіне алады Серғазы Әдекенов, бірақ біз бірлігіміздің арқасында оларды сәтті еңсеріп, жұмысымызды ел игілігі үшін жалғастырдық.

«Осы қиын күндері біз әлеуметтік жауапкершілік танытып, дүрбелеңге салынбай, жағдайды тұрақтандыруға тырысуға тиіспіз, – дейді профессор. Әрқайсымыз коронавирусқа қарсы күреске өз үлесімізді қосуымыз керек. Қазіргі таңда ең бастысы – халықтың денсаулығын қорғау, қоғамымыздың негізгі құндылығы – адам капиталын сақтау. Қазақстанның Тұңғыш Президенті республикада білім мен ғылымға бірінші кезекті көңіл бөлінетінін тағы бір мәрте атап өтті. Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән береді, бұл ретте ол кәсіпкерлерді елге көмек көрсетуге шақырды».

Айта кету керек, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі Тұңғыш Президенттің төл перзенті ретінде шет қалмай, Қарағанды фармацевтикалық зауытымен бірге Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен 100 млн. теңгеден астам сомаға вирусқа қарсы бірегей фитопрепараттар, зарарсыздандырушы және бактерияға қарсы құралдар өндірісін кеңейту жұмыстарын бастады.

«Біз барлық қиындықтарды бірге жеңеміз деген сенімдеміз», – деді Серғазы Әдекенов.

FaLang translation system by Faboba