Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының С.Ю. Юнусов атындағы өсімдік заттар химиясы институтымен (Ташкент қ.) ынтымақтастық

2019 жылғы 25 маусым мен 3 шілде аралығында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ және Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының С.Ю. Юнусов атындағы өсімдік заттар химиясы институты (Ташкент қ.) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық шеңберінде профессор М.Г. Левковичтің қатысуымен ғылыми семинар өтті.

Профессор Михаил Левкович «Фитохимия» ХҒӨХ ғылыми қызметкерлеріне және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің докторанттары мен магистранттарына ЯМР спектроскопияны қолданудың тәжірибелік технологиялары және табиғи қосылыстарды спектрлік талдау бойынша дәрістер циклін оқыды.

Дәріс циклі: 1. Табиғи қосылыстардың зерттеулерінде спектрлік талдауды қолдану.

1 нанометрден (рентгенқұрылымдық талдау) оптикалық және тербелмелі спектроскопия диапазонына дейін және одан әрі метрлік диапазонға дейін – ЯМР спектроскопия – электрмагниттік сәулелену шкаласындағы органикалық қосылыстардың құрылысын спектрлік зерттеудің негізгі түрлері қарастырылды. Табиғи объектілерде түстің пайда болу механизмдері, өсімдіктер жапырақтарында түстің қалыптасуы, өсімдіктердің вегетациялық циклінде оның өзгеруі қарастырылды. Ерітіндідегі органикалық қосылыстардың құрылысын зерттеудегі ЯМР спектроскопия әдісінің артықшылықтары қарастырылды.

2. ЯМР спектроскопия негіздері.

ЯМР спектроскопияның негізгі қағидалары және табиғи қосылыстар молекулаларының стереохимиялық ерекшеліктерімен ЯМР спектрлері параметрлерінің байланысы қарастырылған. Табиғи қосылыстар құрылымын зерттеудегі ЯМР спектроскопияны қолданудың негізгі технологиялары: ЯМР 1Н-, 13С спектроскопиясы және екі өлшемді ЯМР спектроскопия әдістері талқыланды.

3. Табиғи қосылыстардың типтік молекулаларының құрылымын анықтау үшін ЯМР спектроскопияны қолданудың тәжірибелік технологиялары.

Кодеин молекуласының құрылымы мен кеңістіктік құрылысын ЯМР спектроскопияның әртүрлі әдістерімен анықтау мысалында ЯМР спектроскопияның негізгі әдістерінің тәжірибелік маңыздылығы және молекулалардың құрылысын анықтау үшін оларды қолдану дәйектілігі көрсетілді.

4. Глицирризин қышқылы супрамолекулалық кешендерді алудың негізі ретінде.

Глицирризин қышқылының негізінде полимолекулалық бірлестіктер түзілуінің әртүрлі үлгілері қарастырылған: глицирризин қышқылының өзі, сондай-ақ төмен молекулалық дәрілік препараттармен глицирризин қышқылының гетеромолекулалық түзілімдері. Глицирризин қышқылы мен аспирин мысалында «қонақ-қожайын» түріндегі классикалық молекулалық кешендердің пайда болу мүмкіндіктері мен қиындығы талқыланды. Глицирризин қышқылының қатысуымен аспирин мен кейбір басқа да төмен молекулалық қосылыстардың солюбилизациясының ең ықтимал механизмі осы қосылыстарды ұстап алудың мицелярлық механизмі болып табылатыны көрсетілді.

<
Профессор М.Г. Левкович семинарға қатысушылармен

FaLang translation system by Faboba